Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында «Қазпошта» бөлімшесінен ақша ұрлады деген күдіктілер ұсталды

Абай облысында «Қазпошта» бөлімшесінен ақша ұрлады деген күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарма аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қазан айының 18-нен 19-на қараған түні «Қазпошта» бөлімшесінен ақша ұрлады деген күдіктілерді ұстады.

19 қазанда «102» арнасына «Қазпошта» бөлімшесінің кассирінен белгісіз тұлғалар кіреберіс металл есікті бұзып кіріп, зейнетақы төлеуге арналған 95 мың теңгеден астам ақшаны, сондай-ақ 7 сәлемдемені ұрлап кеткені туралы хабарлама келіп түседі.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, қылмыс болған жерді мұқият тексерді. Нәтижесінде ұрылардың «Қазпошта» ғимаратына кіріп, әйнекті сындырып, торды жырып жібергені анықталды. Осы қылмысты тергеуге полицияның неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері тартылып, олар бір тәулік ішінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында округтің бұрын сотталмаған екі тұрғынын анықтады.

Олардан ұрланған 22 мың теңге тәркіленіп, қалғанын жұмсап тастаған. Ұсталғандар ауылда зейнетақы берілетінін алдын ала біліп, ұрлық жасағанын айтып,кінәләрін мойындады.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру