Таразда зейнеткердің ақшасын жымқырған екеу қамауға алынды
Таразда зейнеткердің ақшасын жымқырған екеу қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Тараз қаласы Полиция басқармасына 80 жастағы қала тұрғыны өзінің есепшотынан қаржы ұрланғандығы жайлы арызданған. Арызданушының айтуынша, ол шілде айында мөлтек ауданының бірінде орналасқан банкке барып, 1 млн теңге ақшасын депозитке салмақшы болған. Кезек күту кезінде белгiсiз ер адам оған көмек көрсетемін деп сеніміне кіріп, қарияның есепшотының нөмерін біліп алған.
Кейін әр кезде түрлі соманы өзiне аударып алып отырған. Осылай арызданушының есепшотынан шілде айынан бастап бүгінгі күнге дейін 7,3 млн теңгеден астам қаржы аударылды.
Қалалық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Жуалы ауданының 20 жастағы азаматы мен 18 жастағы азаматшасы анықталды.
Күдіктілер өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық ) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.