Маңғыстау облысында республикалық маңызы бар тас жолдарда ақпараттық паннолар орнатылуда
Маңғыстау облысында республикалық маңызы бар тас жолдарда ақпараттық паннолар орнатылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz
Осы жылдың 10 айында Маңғыстау облысының республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 81 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол-көлік оқиғаларының пайда болуының негізгі себептері – жылдамдық режимін сақтамау, қарсы бағытқа шығу және қараусыз жүрген мал жануарларының тас жол бойларына шығуы.
Осы орайда Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастамасымен “ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ Маңғыстау облыстық филиалымен бірлесіп, республикалық маңыздағы тас жол бойына ақпараттық паннолар орнатылды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттылықты төмендету мақсатында Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау республикалық маңыздағы тас жолдың 743-ші шақырымына “Абайлаңыз, қауіпті аймақ!”, 728-ші шақырымына “Назар аударыңыз, үй жануарлары!” ақпараттық паннолары орнатылған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де өз жалғасатын табатын болады. Қараша айында қосымша екі панно орнату жоспарлануда.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады. Алыс сапарға шыққанда өзіңіздің жағдайыңызды назарға алғаныңыз абзал. Тас жолдардағы көптеген жол апаттары жүргізушілердің ұйықтап кету салдарынан да болып жатады.