Астанада жалғызбасты ана алаяқтың арбауына түсіп қалды
Астанада жалғызбасты ана алаяқтың арбауына түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 37 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Ұсталған азаматша 32 жастағы әйелдің жалғыз өзі екі бала тәрбиелеп отырғанын біліп, әлеуметтік баспана алуға көмегін ұсынған. Алаяқ мемлекеттік мекемеде жақын арада тұрғын үй алуға ықпал ете алатын таныстары барын айтқан. Тұрғын үй мәселесін шешіп беру қызметін алаяқ әйел 325 мың теңгеге бағалаған, кейін ол ақшаны жұмсап жіберген.
Сонымен қатар күдікті әйел жәбірленушіні алдауды жалғастыра отырып, оның жеке деректеріне қол жеткізіп, микроқаржы ұйымынан жалпы сомасы 180 мың теңгеге екі рет онлайн несие рәсімдеген. Күдікті кінәсін мойындады.
Оған қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Полиция атап өткендей, аталған баптың санкциясы бас бостандығын үш жылдан жеті жылға дейін шектеу немесе сол мерзімге мүлікті тәркілей отырып бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.