Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Браконьер» ЖААІШ: Қостанай облысында 4 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді

Қостанай облысында «Браконьер» ЖААІШ барысында 4 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Меңдіқара полиция бөлімінің полиция қызметкерлері «Браконьер» ЖААІШ шеңберіндегі рейдтік іс-шаралар барысында 41 жастағы жүргізушіні ұстады. Ол түнгі уақытта ауыл ішінде көлікті шамын қоспай басқарған.

Полиция қызметкерлері аудан тұрғынын тоқтатып, автокөлікті тексерді. Жүксалғыштан екі елік пен атылған түлкінің еті табылды. Сондай-ақ автокөліктің салонында тіркелген аңшылық мылтық болған. Ер адам аудан аумағында жануарларды заңсыз атқанын айтты.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабында көзделген (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Табиғатты қорғау полициясының қызметкері Ғазретғали Әлімғазиннің айтуынша Қостанай облысында «Браконьер» ЖААІШ кезінде заңсыз аң аулауға байланысты 4 қылмыстық құқық бұзушылық және 160 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Салынған айыппұлдар сомасы 1 млн теңгеден асты. Заңсыз айналымнан тіркелмеген аңшылық қарудың 6 бірлігі тәркіленді.

Сондай-ақ «Браконьер» ЖААІШ барысында полиция қызметкерлері орталық алаңда Қызыл кітапқа енген аққуды құтқарды.

– Аққу қардан табылды. Қатып қалуға таяу қалған. Ол «Зоопульске» жеткізілді. Онда қажетті тексеру жүргізіліп, көмек көрсетілді, – деді Газретғали Әлімғазин.

Ветеринария ғылымдарының кандидаты Виктория Машидиева құстың жас екендігін, ұшып кете алмағанын атап өтті. Әзірге ол «Зоопульсте» болады, кейін табиғи ортаға жіберілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру