Полиция қызметкері Жаслан Шамшуалиев – тәуелсіздіктің құрдасы
Биыл Тәуелсіз Қазақстанға 31 жыл толады. Петропавлдағы учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Жаслан Шамшуалиев – тәуелсіздіктің құрдасы. Ол заң колледжін аяқтап, әскери борышын өтеген соң 2011 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол еңбек жолын туған өлкесі Уәлиханов ауданынан бастап, кейін облыс орталығына ауысқан. Қазіргі лауазымында төрт жылдан бері қызмет етіп келеді. Қиындықтар кездеседі. Қызметтің қыр-сырын меңгеруде аға буын қол ұшын берді.
Жаслан өзінің тәлімгері – Серік Әубәкіровті ерекше ықыласпен еске алады.
– Ол тәжірибесі мол, мейірімді, қайырымды жан. Маған адамдармен қалай тіл табысу, қарым-қатынас жасау жолын көрсетті. Адамдарға түсіністік танытып, тіл табыса білсең, еш қиындық туындамайды деп ойлаймын. Даулы жағдайлар – отбасылық жанжалқорлар және басқаларымен де жиі бетпе-бет келеміз. Мұндай жағдайлар көбіне алкогольдік масаң күйде орын алады, – дейді ол.
Ішімдік ішудің салдары көптеген оқиғаға себеп болатынын полицейлердің жұмыс барысында көресің. Отбасын сақтап қалу үшін көбіне маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберуге тура келеді. Бұл учаскелік инспекторлардың негізгі жұмысы болып табылатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. Бүгінгі таңда өзекті міндеттердің бірі – интернет алаяқтықты ескерту. Халықпен жиналыс өткізу және есептегі адамдарды тексерумен қатар, Жаслан тұрғындарға жадынамалар мен буклеттер таратып, «банктен шалынған қоңырауға» жауап беруге болмайтынын түсіндіреді.
– Кейде адамдардың өздері учаскелік пунктке келіп: міне, бізге банктен қоңырау шалды, не істейміз деп сұрайды. Олармен профилактикалық әңгіме өткізіп, бұл алаяқтардың әрекеті екендігін түсіндіреміз. Қызметтің ерекшелігі учаскелік инспекторлар қызмет көрсететін аумақтағы барлық жағдайға жауапты. Жасланның пікірінше, жастардың санасында «Біз мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылы дүниеге келдік, ел болашағы үшін жауаптымыз» деген ұғым берік орнығуы керек, – дейді ол.