Алматыда мопед ұрлығы видеоға түсіп қалды
Алматыда мопед ұрлығы видеоға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Жетісу ауданының полицейлері мопед ұрлады деген екі адамды ұстады. 30 жастағы И.есімді азамат пен оның 37 жастағы серігі – К.есімді азаматша күдікке ілінді.
– Алдын ала анықталғандай, күдіктілер заңсыз баю мақсатында түнде Зубарев көшесінде орналасқан жатақхананың ауласында қалып қойған мопедті көріп, ұрлап кеткен. Кейін қаскөйлер көлік құралын 100 мың теңгеге сатып жіберген. Жедел уәкілдер екі дөңгелекті көлікті Алматы облысы Іле ауданына қарасты Бурундай ауылынан тапты және тәркіледі. Қазір ол заттай айғақ ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Ұсталғандардың қылмыстық әрекеттері бейнебақылау камералары арқылы жазылып қалғанын айта кетейін. Қазіргі уақытта олардың жеке басы осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр, – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.