Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда учаскелік инспектор зейнеткерді алаяқтың арбауынан құтқарып қалды

Петропавлда учаскелік инспектор зейнеткерді алаяқтың арбауынан құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтықты ашу және алдын алу – 18-20 сәуір аралығында өткізілген “Аnti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты. Криминалдық полиция қызметкерлері халықпен бірқатар кездесулер өткізді. Мысалы, “Алтын арман” және “Еуразия” базарларының аумағында тәртіп сақшылары жадынамалар таратып, желілік алаяқтардың негізгі схемалары туралы айтты.

Сондай-ақ 3 күн ішінде жедел уәкілдер 15 интернет-алаяқтықты ашты. Оның 10-ы – бұрын жасалған қылмыс. Бір бөлігі бөтен адамдардың атына шағын несие ресімдеу фактілері. Мұндай жағдайлардың барлығы дерлік қаскөйлер жәбірленушілердің телефондарына кіріп, кодтар мен парольдерді білген кезде жасалады. Бұдан бөлек, ашылған қылмыстардың қатарында пәтерді “жалға алу”, жиһазды “сату” сияқты жалған хабарландырулар үшін алдын ала төлем алу деректері бар. Алаяқтар арам ойларын OLХ тегін хабардандырулар сайтында жүзеге асырған.

Осы күндері 68 жастағы Петропавл тұрғыны полицейлерге алғысын айтып жүгінді. Оған белгісіз адам қоңырау шалып, өзін полиция капитаны ретінде таныстырып, қызы адамды қағып кетті деп хабарлаған. Әрі оқиғаның шынайы екенін көрсету үшін тұтқаның арғы жағындағылар “Анашым, көмектес!” деген әйел адамның даусын қосқан. “Қиын мәселені шешіп беру үшін” жалған полиция қызметкері телефон нөміріне 100 мың теңге салып жіберуді талап етіп, уайымға батқан әйелдің әрбір қадамын бақылап отыру үшін әңгімені үзбеу қажет екенін айтқан. Зейнеткерге бұл әңгіме күмәнді көрінсе де, қызының аты-жөнінің дұрыс аталғандығын және даусының ұқсастығын байқаған. Жол бойы кездескен азаматтардан ол екі рет жасырын түрде қызының нөміріне қоңырау шалуды өтінген, алайда оған ешкім көмектеспепті.

Қуанышқа орай, банкомат жанында оның қобалжулы жағдайын учаскелік полиция инспекторы Медет Сәдуов байқап қалған. Ол алаяқпен сөйлесе бастаған кезде, тұтқаны арғы жағындағы адам әңгімені бірден тоқтатқан. Медет зейнеткердің қызына хабарласып, телефон алаяқтығының алдын алды. Қызының дін аман екеніне көзі жеткен анасы да риза болып қалды.

Полицейлер облыс тұрғындарынан жақындарына, әсіресе қарт туыстарына алаяқтықтың ықтимал схемалары туралы ескертуді сұрайды. Құпия деректерді ешкімге жібермей, алдын ала төлемге келіспеуді еске салады.

– “Банктен шалынатын қоңырауларға” сенбеңіздер. Белгісіз адамдардың қысым көрсетуімен ақша аударымын жасамаған жөн, – дейді полицейлер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру