Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері үш күнде 7 жасөспірімді есепке алды

Жазғы демалыста балалар мен жасөспірімдер бос уақыттарын далада өткізеді. Осы кезеңде ювеналдық полиция қызметкерлерінің профилактикалық жұмысы қыза түседі. 7-9 маусым аралығында СҚО аумағында “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Тәртіп сақшылары түнгі көшелерде, көңіл көтеру орындарында және жастар жиналуы мүмкін орындарда рейдтік іс-шаралар жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Заң кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден болуын және сағат 23:00-ден бастап тұрғын үйден тыс жерде жүруіне жол бермейді. 3 күн ішінде облыста осы талаптардың 125 бұзушылығы анықталды. Барлық жағдайда ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ іс-шара кезінде із-түссіз жоғалған 17 жастағы жасөспірім табылды. Ажырасқан ата-ананың ұлы туысының үйінде тұрған, бірақ демалыстың алғашқы күндерінде үйден кетіп қалған. Уайымдаған әйел бірден полицияға жүгінген.

– Аталған жасөспірім бұрын полицияның есебінде болмаған. Оны бірнеше тәулік бойы іздедік. Әсіресе, полицияның сыртқы қызметтері жұмылдырылды. Жасөспірімді 9 маусымға қараған түні жедел уәкілдер тауып алды. Ол қала көшелеріне шығып, қаңғыбастықпен айналысқан. Қызылжар ауданының Архангелка ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Ол есепке алынып, мамандардың бақылауында болмақ. Оған қатысты материалдарды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қарау жоспарланып отыр, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Бұдан бөлек, іс-шара кезінде 7 жасөспірім, 23 қолайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды. Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 28 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру