Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды

Қостанай облысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде болғаны үшін 231 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы аясында ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдердің 231 ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, жедел алдын алу шеңберінде полиция 54 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді орындамайтын 53 заңды өкілді есепке қойды. Тұрғылықты жері бойынша 817 есептік кәмелетке толмаған және 987 тұрмысы нашар отбасы тексерілді.

Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметінің маманы Зарина Мырзабекованың айтуынша, 3 күн ішінде 263 әкімшілік материал жасалды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен (Кәмелетке толмағанның құқықтары мен мүдделерін қорғау және тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамау) – 23 адам, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабымен (Ұсақ бұзақылық) – 4 және ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу) бойынша 5 адам анықталды.

Полиция ата-аналарға кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қатысты заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін балалардың бос уақытын және орналасқан жерін тексеруді ескертеді. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз. Есіңізде болсын, ересектер өз баласының қауіпсіздігіне жауап береді!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру