Астаналық полицейлер ұрлық дерегіне қатысы бар күдіктілерді қолға түсірді
Астаналық полицейлер ұрлық дерегіне қатысы бар күдіктілерді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы ПД күнделікті өткізілетін жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде, криминалдық полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы Қызылорда тумасын анықтады. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азамат елорданың Шалкөде көшесі бойында иесіз тұрған ВАЗ-2115 көлігіне ақырын жақындап келіп, тұтқасын тартып көріп, есігінің ашық екенін білген. Ештеңеден жасқанбаған қаскүнем көліктен 40 мың теңге тұратын микротолқынды пешті қолды кеткен.
Кінәсін толықтай мойындаған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, оның елорда аумағында бұған дейін жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Сондай-ақ Сарыарқа ауданының полиция басқармасына Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан дүкен сатушысы белгісіз тұлға оның жұмыс орнында 123 мың теңге мен қолданыстағы қара сөмкесін ұрлап кеткені туралы арызбен жүгінген. Бұл қылмыстық іс бойынша жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу барысында тәртіп сақшылары тиісті айғақтарды негізге ала отырып, Т. есімді азаматты қолға түсірді. Тергеу барысында белгілі болғандай, дүкенге келуші клиенттердің жоқтығын пайдаланып, ішке емін-еркін кіріп алған. Шаруамен айналысып отырған сатушыны байқаған ол кассаға еңкейіп барып, қомақты қаражат пен қара түсті сөмкені алып, оқиға орнынан ғайып болған.
Осылайша жәбірленушіге 123 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірген. Аталған іс бойынша жәбірленуші тарапынан көрсетілген дәлелдемелер мен болған оқиғаны анық түсіріп тұрған бейнебаяндағы айғақтар күдіктінің кінәсін бұлтартпай мойындауына негіз болды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бабымен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.