Пойызда темекі шегіп, тыныштықты бұзған мас жолаушыға айыппұл салынды
Пойызда темекі шегіп, тыныштықты бұзған мас жолаушыға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы – Достық бағытындағы жолаушылар пойызы Алматы облысының Үштөбе станциясына келгеннен кейін желілік полиция бөлімінің қызметкерлері масаң күйіндегі жолаушыны акт бойынша түсіріп алды. Тексеру барысында көлік полицейлері Алматы қаласының 59 жастағы тұрғынын анықтады. Ол масаң күйінде темекі шегіп, түнгі уақытта жолаушылардың мазасын алып, тыныштығын бұзған.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу), 441-бабы (Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу) және 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, оған 25 АЕК (86 250 тг) көлемінде айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 29708 азаматты жауапкершілікке тартты. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін – 3115, темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін 885 адам жазаланған.