Елордалық полицейлерге тұрғындардан толассыз алғыстар айтылып жатыр
Елордалық полицейлерге тұрғындардан толассыз алғыстар айтылып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық тәртіп сақшыларына сапалы әрі жедел көмек көрсеткендері үшін қала азаматтарынан айтылған алғыстар күн сайын көбейіп жатыр.
Жуырда Астана қаласы полиция департаментіне елорда тұрғыны алғысын жолдаған. Хатында жүкті әйелін перзентханаға жеткізу кезінде жолдағы кедергілерді болдырмау үшін дереу көмек көмек көрсетіп, перзентханаға тез жетуге ықпал жасаған мамандандырылған батальонның аға инспекторлары Данияр Қалықов пен Аян Сәрсеновке шексіз алғысын білдірген. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ана мен сәби аман қалған.
Сонымен қатар 73 жастағы әжейдің тағы бір алғысы хатында, «Байқоңыр» ауданы ПБ №22 учаскелік полиция пунктінің учаскелік инспекторы Нұрлан Бекжановтың атына жолданыпты. Қарт адам пәтерінің есігін абайсызда ашық қалдырып, туыстарына барғанын, онда бір аптадан астам уақыт тұрғанын айтқан. Есіктің ашық қалғанын байқаған көршілер бірден учаскелік инспекторға оқиға туралы хабарлаған. Егде жастағы адамның үйіне дереу жеткен учаскелік инспектор үй иесінің барған жерін анықтап, бірден пәтеріне әкелген. Осылай үйіндегі мүліктердің орнында тұрғанына көзі жеткен әже, полиция қызметкерінің көмегіне ризашылығын білдіріп, алғысын жолдаған.
– Мұндай қызметкерлер сенім мен үміт ұялатады, біз полицияның сенімді қорғауындамыз, – деп қарт кісі ыстық ықыласын білдірді.