Ақмолалықтарды WhatsApp арқылы алдап, ақшаларын жымқырған күдікті анықталды
Ақмола тұрғындарын WhatsApp арқылы алдап, ақшаларын жымқырған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16-18 тамыз аралығында Ақмола облысының аумағында “High Tech” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Ақмола полицейлері ЖПІШ барысында бірінші күні бірден 18 интернет-алаяқтық фактісін анықтады.
16 тамызда Көкшетау қаласының полиция басқармасына Зеренді ауданының тұрғыны жүгінді. Өтініш беруші WhatsApp мессенджерінде “Капиал” деп аталатын топтың әкімшісі бола отырып, оның 212 мың сомасындағы ақшалай қаражатын иемденіп, қысқа мерзімде соманы ұлғайтуға уәде берген бейтаныс әйелге қатысты шаралар қабылдауды сұрады.
Осындай арыздар полицияға Ақмола облысының басқа тұрғындарынан да келіп түсті. Шығын көлемі анықталып жатыр.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері алаяқтыққа қатысы бар адамды анықтады. Өзге тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция басқармасы осы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.