Бұзақылық жасаған астаналық азаматтар бейнекамераға түсіп қалды
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде екі ер адам есік жақтауын қасақана бүлдіргені бейнекамерға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарияланған ақпарат бойынша Сарыарқа аудандық полиция басқармасының полицейлері оқиға орнына барып, бейнекамераның көмегімен ер адамдардың кім екенін анықтады.
Анықталғандай олар сол үйдің тұрғындары болған. Кешкі уақытта есікті күшпен жұлқып ашып, ішке кірген себептерін, арнайы домофон кілті болмағандықтан осылай ашуға мәжбүр болғандарын түсіндірген.
Алайда аталған факті бойынша өрескел әрекет жасап, қоғамдық тәртіпті бұзғандары үшін аталған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша іс қозғалды. Материал әкімшілік шара қолдану үшін әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.