Көліктегі ПД басшылығы Халықаралық қарттар күніне орай ІІО ардагерінің үйіне барды
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров пен департаменттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов саналы ғұмырын көлік нысандарында заң мен құқықтық тәртіпті сақтауға арнаған көлік полициясының ардагері Алдоңғар Терлікпаев үйіне арнайы барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оралбек Омаров департамент басшылығы және өз атынан құрметті ардагерді келе жатқан айтулы мерекемен құттықтап, оған сыйлық табыс етті. Сондай-ақ зор денсаулық, ұзақ өмір мен отбасылық амандық тіледі.
Алдоңғар Терлікпаев 1947 жылы 4 ақпанда Ақмола қаласында дүниеге келген. Әскерден кейін Целиноград қаласының әуежайында электрик болып жұмыс істей бастады және 1974 жылы әуежайдың желілік ішкі істер бөліміне қызметке орналасты. А.Терлікпаев 25 жыл бойы қатардағы жауынгерден бастап ІІБ бастығына дейін әртүрлі лауазымдарда қызмет етті. 1999 жылы полиция подполковнигі атағымен зейнетке шыққаннан кейін де ол жас қызметкерлерді тәрбиелеуге және оларға өмірлік және кәсіби тәжірибе беру ісіне белсене араласты. Ішкі істер органдарының ардагері Милиция үздігі, көптеген мерейтойлық төсбелгіге ие. Қазір Алдоңғар Терлікпаев 75 жаста.
Бүгінде зейнеткер өзін сергек сезінеді, әрі қызмет сапында жүрген әріптестерімен байланысын үзген емес. Ол жұбайы Күлсара апамен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді, қазір олардың үш немересі бар. Кездесу барысында ІІО ардагері әріптестеріне құттықтаулары және көрсеткен қамқорлықтары үшін алғысын білдіріп, олардың қиын да жауапты қызметтеріне табыстар тіледі. Айта кетейік, мереке құрметіне орай көлік полициясының 25 қарт ардагеріне материалдық көмек көрсетілді.