Ақтөбенің «Киберпол» тергеушісі интернет-алаяқтықтың жай-күйі туралы айтып берді
Ақтөбенің «Киберпол» тергеушісі интернет-алаяқтықтың жай-күйі туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет кеңістікте қолданушылар санының артуына байланысты кибералаяқтар да көбейді. Ақтөбеде интернет-алаяқтықты ашуға маманданған «Киберпол» арнайы тобы жұмыс жасайды. Бұл туралы осы топтың аға тергеуші Жалғас Зиноллин айтып берді.
– «Киберпол» қалалық полиция басқармасында орналасқан және тек интернет алаяқтықтарды ашумен айналысады. Топтың құрамында тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер мен учаскелік инспекторлар бар. Істер электрондық форматта жүргізіледі. Интернет-алаяқтықтар ақпараттық технологиялар көмегімен жасалатындықтан, топ құрамындағы полицейлер де ІТ-технологияларды жетік меңгерген, – дейді тергеуші.
Жалғас Зиноллиннің айтуынша, «Киберполға» түскен арыздардың негізінде, өңірде ең көп тараған интернет-алаяқтықтың 3 түрін атап көрсетуге болады. Біріншісі – банк қызметкері ретінде алдап қоңырау шалып, азаматтардың жеке деректерін иемдену арқылы олардың шоттарындағы ақшаны шешіп алу немесе атына ірі несие рәсімдеу, екіншісі – онлайн сауда платформасындағы алаяқтықтар, яғни тауарға немесе қызметке алдын ала ақша төлету, үшіншісі – азаматтарды оңай жолмен ақшаны көбейтуге шақыру. Бұл ретте, инвестицияға, ставкаға ақша салуға шақыру арқылы ақша иемденуді атап көрсетуге болады.
– Өкінішке қарай, полиция тарапынан қанша дабыл қағылғанымен, азаматтар әлі де алаяқтардың құрбаны болуда. Интернет алаяқтықтарды бірден ашу мүмкін емес, кешенді жұмыс қажет. Мұның басты себебі қылмыскерлердің ел аумағында болмауы. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, олар көбіне басқа мемлекетте отырып қылмыстық схеманы жүзеге асырып отырған шетелдіктер. Ал, осы қылмыстардың жасалуына ықпалын тигізіп, ашылуына да кедергі болып отырғандар – дропперлер ретінде пайдаланылып жүрген өзіміздің жастар, – деді маман.
Киберпол тергеушісінің айтуынша, қылмыскерлер көбіне танымал мессенжерлер арқылы жұмыс жасайды. Қылмыстық пиғылдарына 18-25 жас шамасындағы өзіміздің жастарды пайдаланады. Жастар жұмыс берушінің онлайн нұсқауы бойынша өз аттарына банктік төлем карталарын ашып, өздері мүлде көріп-білмеген кибералаяқтарға береді.
– Алаяқтар жастарды дропперлер ретінде пайдалану кезінде оларға азын-аулақ ақша ұсынады. Мысалы, 50 мың теңгеге әрқайсысын 5 мыңнан 10 карточка аштыруы мүмкін. Бұл ретте, жастар карточкадағы қаржылық операцияларға мүлде қатыспайды немесе хабарсыз болады. Тек карточканы ашады барлық деректемелерін онлайн түрде алаяқтарға береді. Жастарымыз көбіне аңғалдығынан өздері қылмыстық схемаға жұмылдырылып отырғанын байқамайды немесе тереңірек ойламайды. Соның салдарынан басқалар зардап шегеді, – дейді Жалғас.
Алайда киберқылмыстарға саналы түрде баратын жастар да болады. Жуырда әлеуметтік желіде ақшаны ставкаға салуға шақырып, 2 ақтөбелік азаматтың ақшасын иелену дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында аға тергеуші Жалғас Зиноллин күдіктінің 25 жастағы Түркістан тұрғыны екенін анықтаған. Ұсталғаннан кейін күдіктінің осындай жолмен елдің әр аумағынан барлығы 36 азаматты алдағаны анықталып, сотталған.
«Киберпол» мамандары екінші деңгейлі банктермен, интернет сауда алаңдарының әкімшілерімен, ұялы байланыс провайдерлерімен өзара іс-қимыл орнатқан. Нәтижесінде биыл алаяқтыққа қатысты 146 банктік шот пен 409 сайттың жұмысы бұғатталған.