Түркістан облысында жылыжайдан құрал-сайман ұрлаған азамат қолға түсті
Түркістан облысында жылыжайдан құрал-сайман ұрлаған азамат қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жылыжай шаруашылығымен айналысатын ер адамның айтуынша, оның су тартатын сорғы(насос), дәнекерлеу аппараты мен шарқайрақ(болгарка) құралын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Жәбірленушіге 150 мың теңге көлемінде шығын келген.
Полицейлер аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.
Ақпарат алысымен оқиға орнына жылдам жеткен тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде тәулік ішінде күдікке ілінген ер адамды анықтады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті түнгі уақытта жылыжайдан құрал-саймандарды ұрлап, сатпақшы болған.
Тәртіп сақшылары қолды болған құрал-саймандарды тәркіленіп, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.