Алматыда заңсыз сатылып жатқан 400 келіден астам пиротехникалық өнім тәркіленді
Алматыда заңсыз сатылып жатқан 400 келіден астам пиротехникалық өнім тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жылдық мерекелер кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар мен пайдаланылған бұйымдар айналымының белгіленген ережелерін сақтауын қадағалау мақсатында қалада пиротехникалық заттарды заңсыз сату деректерінің жолын кесу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
– Тек өткен тәулікте екі базарда жүргізілген тексеру барысында сертификатсыз, сондай-ақ рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың 9-ға жуық дерегі анықталды.
ҚР заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін заңсыз бөлшек сауданы ұйымдастырушылар ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы (Тыйым салынған немесе шектелген тауарларды немесе басқа заттарды заңсыз саудалау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 400 келіден астам сертификаты жоқ пиротехникалық өнімдер тәркіленді. Жоғарыда аталған базарлардың әкімшіліктеріне құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті тапсырмалар берілді, – деді Алматы қаласы ПД ӘПБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Айдос Құсайынов.
Жаңа жылды тойлау қарсаңында Алматы полициясы, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды қатаң түрде ұсынады, азаматтардың назарын сертификатталған пиротехникалық бұйымдарды сату үшін арнайы бөлінген орындардан сатып алуларына аударады.