Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық тәртіп сақшысының ерекше хоббиі туралы

Айналамызға зер салып қарасақ, екі мамандықтың тізгінін қатар алып жүрген жандар жетерлік. «Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады» демекші, екі түрлі әлемді тоғыстырған азаматтардың бірі – Қуатбек Қасымбеков. Ол ел тыныштығы жолында аянбай еңбек ете жүріп, суретшілік дарынын да ұмыт қалдырған жоқ. Өз мүддесінен, халық мүддесін жоғары қойған Жамбыл облысы бойынша полиция департаментіне қарасты жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерінің ерекше хоббиі жайлы Polisia.kz сайтының журналисі толығырақ тарқатады.
 

Суретшілік әркімге бір беріле бермейтін ерекше дарын. Ғасырлар бойы жалғасқан бұл өнер заман ағымымен жаңашылдыққа әрдайым ұмтылады. Дегенмен, заманды өзгертетін адам. Біле білсеңіз, француз кескіндемешісі Огюст Ренуар сурет салуды жақсы көргені соншалық, тіпті қартайған шағында буын ауруынан саусақтары икемге келмей қалғанда қылқаламды білегіне байлап жұмысын жалғастырған. Одан бөлек әлемге әйгілі италияндық ұлы суретші Леонардо да Винчи бір қолымен сурет салып жатқанда, екіншісімен жаза алатын қасиетке ие екен. Демек, тұлғалар өз таңдауын барлығынан артық көрген. Міне, суретшілік қасиет адам бойына туғаннан дарыса, кеудеде буырқанып, жасыруға келмейді. Өзінің хоббиін,  бала күнгі суретші болу арманын полиция қызметімен байланыстыра алған жаужүрек қызметкер жайлы толығырақ баяндап берейін.

Қызметі мен өнері ұштасқан жауынгер
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы Қуатбек Қасымбеков Жамбыл облысының тұрғыны. Ол бала кезінен екі нәрсеге бейім болған: бірі – суретшілік болса, екіншісі – спорт. Мақсаты айқын жас жігіт 2002 жылы Тараз қаласы Абай атындағы гуманитарлық колледжіне суретші шебері мамандығына оқуға тапсырған. Орта білімді тәмамдаған соң жоғарғы оқу орнына емтихан тапсырып, бағын сынайды. Алайда асығы алшысынан түспей, мұғалімдік мамандығынан сырттай білім алған. Одан кейін, әскерге Отан алдында борышын өтеуге барады. Әскерден оралған соң өзін мұғалімдік қырынан сынап көргісі келген. Алайда қылқалам шебері бұл мамандықтан жан тыныштығын таба алмады. 2012 жылдың наурыз айынан бастап ІІМ-ге қарасты Жамбыл облыстық мамандандырылған мемлекеттік күзет басқармасында қызмет еткен. 2021 жылы осы ЖҚАЖ бөліміне ауысқан. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол үш қағидатпен өмір сүреді.

– Бір философтың шығармашылығын оқып едім, жалпы ер азамат үш нәрсеге табыну керек дейді. Бірінші – физикалық тұрғыда, екінші – рухани, үшінші – интеллектуалдылық. Ол дегеніміз ер адам білімге құштар болу керек, әрқашан дамып, өзін шыңдау қажет. Ал рухани дегенге келетін болсақ, ол – өнер, шығармашылыққа бейім болу. Физикалық тұрғы, әрине, әрбір ер адам ширақ, шымыр болуға әуестенгені абзал. Осы үш қағидатпен өмір сүру өз болашағыңның жолын құруға бірден-бір әсер етеді, – деп атап өтті Қуатбек.

Өнер еркіндігінен темірдей тәртіптің ордасына келуіңізге не себеп болды?

– Ел арасында полиция қызметкерлері жайлы екіұдай пікір қатар жүреді. Десе де, бұл қызмет жазалауды емес, халықтың қорғаны болуды мақсат еткен. Мен тәртіп сақшысы болуды армандадым деп айта алмаймын, бірақ ер жетіп, ақыл тоқтатқан сәттен бастап елімнің тыныштығын күзетемін деп алдыма мақсат қойдым. Бірақ өнер әлемінен толығымен қол үздім деген сөз емес.

Адамға өнер дарыса, таудай талант, бармақтай баққа себеп болып, талайды таңдандырады. Қуатбектің өнерін тек достары, туыстары ғана емес, жұмыстағы әріптестері де ерекше бағалайды.

– Ол кісінің хоббиін жазда тренингтер өткізу кезінде байқадым. Өзімнің арт-терапия әдісін пайдалану арқылы әр қызметкердің қандай нәрсеге қызығушылығы бар екенін түсінемін. Әрине, бізде ер адамдар спортқа басқа да  нәрсеге әуестенгендіктен басым көпшілігі сурет салғанды ұнатпайды. Алайда мен ешкімді қинамаймын. Ал Қуатбектің суретіне қарасам, ерекше бір ыстық ықыласпен салып жатыр екен. Өзінен сұрап көрсем, сурет салумен баяғыдан бері айналысатынын айтты. Жалпы, өзі өте сабырлы, салмақты, жауапкершілігі мол азамат, – дейді Жамбыл облысы ПД ЖҚАЖ-ның инспектор-психологы Сандуғаш Шынжарбекова.

Антқа адал Қуатбек Қасымбеков бүгінде жауапкершілігі мол қызметі мен бойына дарыған өнерін абыроймен арқалап жүр.

Өнер ердің қанаты 

Қуатбектің туындыларының басым бөлігі халыққа қызмет еткен батырларға арналған. Мәселен, қылқалам шебері 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында террорлық акт салдарынан ажал құшқан, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың портретін бейнелеген. Батырдың қайсарлығын, жүрекжұтқан батырлығын ақ қағазға түсіру оңай болмады дейді кейіпкеріміз.

– Сурет салу кезінде, әрине, алай-дүлей сезім болды. Себебі не дегенмен ол кісі бар қазақ халқының батыры. Оны салып жатқанда бойымды күш-қуат кернеп, үлкен жауапкершілік артылды, – дейді қылқалам шебері.

Рухты жігіттің сурет салудағы мақсаты – өзінің шығармашылық әлемі, яғни жан бұлқынысы, буырқанған бояулардың астасып, ақ парақ бетінде салтанат құруы.

Бейнелеу өнері түрлеріне, орындалу тәсіліне байланысты бірнеше жанрға бөлінеді. Мәселен, натюрморт, портрет, пейзаж, тарихи, батальды, анималистік. Сізге жалпы қай бағытта салған ұнайды?

– Жалпы, 5 бағытта да салғанмын. Эксперимент ретінде барлық жанрда өзімді сынап көрдім. Дегенмен де, өзіме ең жақыны – портрет. Себебі портрет арқылы адамның психологиясын, жан-дүниесін ұғынуға болады. Портретті салған кезде бір ерекше сезімге бөленемін.

Кейіпкердің айтуынша, портрет – қиын жанрлардың бірі. Адамның бейнесін, түр-келбетін айнытпай салу үшін кем дегенде 1-2 ай уақыт қажет дейді. Сол уақыт ішінде адамды танып, ол адамның мінез-құлқын дәлме-дәл бейнелеп, оқырманның назарына ұсынуға болады.

Сурет салу үшін әр шебердің жанына жақын, ыңғайлы бояуы болады. Сіз көбінесе қандай бояулармен сурет саласыз?

– Мен кәсіби тұрғыда майлы бояумен саламын. Майлы бояу техниканың ең күрделісі. Алайда барлық түрін қолдана беремін.

«Заманың қасқыр болса, бүркіт боп ал» дегендей заман талабына сай жан-жақты азамат Қуатбектің суретшілік талантымен қатар, өлең шығаратын қасиеті бар. Бүгінде ол құлаққа кіріп бойды алар тамаша өлеңдерін әлеуметтік желілерге салып, ішкі буырқанған толқынысын қағаз бетіне түсіреді.

«Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер» демекші біздің жан-жақты кейіпкеріміздің бала арманы болашақта өз суреттерімен көрме ашу. Яғни, өзіне берілген қабілетті дамытып, сыртқа шығару керек деп есептейді. Болашақта зейнетке шыққан соң осы бағытқа толығымен бет бұру жоспарында бар. Сонымен қатар ЖҚАЖ қызметкері сұхбат барысында менің суретімді салып, үлкен сый жасады. Қолынан өнер тамған қылқалам шеберінің қас-қағым уақытта салған суретін бағалап кетіңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру