СҚО-да полиция мен жол қызметтері трассалардағы қауіпсіздік мәселелерін талқылады
«Қазавтожол» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында мердігер ұйым мен облыс полицейлерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Автожолдардың қысқы күтімін жақсарту және жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту бойынша бірқатар нақты қадамдар белгіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қазавтожол» АҚ тарапынан жаңа мердігерлерді тарту және тиісінше жолдарды тазарту бойынша қосымша техника, облыс үшін сатып алынатын көктайғаққа қарсы реагенттердің көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданды.
Полиция қызметкерлері өз тарапынан жүргізуші тәртібін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Барлық автокөлік жүргізушілері көктайғақ болған кезде қиын жерлерде жылдамдықты төмендете бермейді. Қауіпті учаскелерді баннерлермен жарақтандыру, техника мұзды және жылжуды жеңе алмайтын жерде жылдамдықты шектеу белгілерін уақытша орнату ұсынылды.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары автокөлік патрульдерінің болуын имитациялау үшін қызыл және көк жарқыраған маяктарды пайдалануды ұсынды.
– Тәжірибе көрсеткендей, бұл алдын алудың тиімді құралы. Бірнеше жылдан бері облыста жарқыраған маяктары бар патрульдік көліктердің 18 жылжымалы макеті қолданылып келеді. Оларды орнату орындарында апатты-қауіпті учаскелерде ауыр зардаптары бар бірде-бір ЖКО тіркелмеген. Солтүстік Қазақстанның күрт құбылмалы климат жағдайында жүргізушілердің назарын аудару, жолдардағы ауа-райына байланысты туындайтын проблемалар туралы уақытылы хабардар ету үшін түрлі құралдар қажет. Жол апатын азайту – кешенді шешімдерді қажет ететін міндет, полицияның мүдделі тараптармен жұмысы жалғасады, – деп атап өтті СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.