1 ай іздеуде болған 3 бас жылқы табылды
Түркістан облысы полицейлері тұрғынның қараусыз жіберіп, жоғалтып алған жылқыларын тауып берді,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында жайылымға жіберген 3 бас жылқыларының үйіне қайта келмегенін, өзі іздеп таба алмағандығын көрсетті. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 000 000 теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1- бабы («Мал ұрлау») бойынша тіркелді.
Орын алған оқиға бойынша, Мақтаарал аудандық полиция бөлімшесі жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғынның 1 айға жуық уақыт іздеп,таба алмаған жылқыларын полицейлер іздеп, 2 күн ішінде тауып берді. Жылқылардың болуы мүмкін аймақтар тексерілді.
Мақтааралдық тәртіп сақшыларының іздестіру жұмыстары оң нәтиже беріп, өздігінен жайылып жүрген жылқылар 15 шақырым қашықтықта орналасқан Гүлістан елді-мекеніне қарасты егістік алқабында жайылып жүрген жерінен табылып, заңды иесіне қайтарылды. Өз кезегінде жылқыларын өзінің немқұрайлылығы салдарынан жоғалтып алған тұрғын полицейлердің қырағылықтарына алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өздеріңіздің мал-мүліктеріңізге абай болыңыздар деп ескертеді. Ұрылар бірінші кезекте қараусыз жайылымда жүрген малдарға көзі түсетін болғандықтан, қажетінше сенімді бақташы жалдап қоюға кеңес береді. Егер сіздің малыңыз жоғалса немесе ұрлап кетсе, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.