“1 млн теңге ұттыңыз”: 10-нан астам мақтааралдықты алдаған шымкенттік 4 жылға сотталды
Мақтааралда 1 млн теңге ұттыңыз деп 10-нан астам тұрғынды алдаған шымкенттік 4 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне 10-нан астам жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізді. Олардың айтуынша, телефондарына белгісіз ер адам хабарласып, 1 млн теңге ұтыс ұттыңыз деп сенімдеріне кірген. Аталған ірі көлемдегі қаражатты алу үшін тұрғындардан 10-30 мың теңге көлемінде ақша алған.
Бұл қылмыс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Хабар алысымен мақтааралдық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді.
Полицейлер алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған жұмыссыз жас жігіт екені белгілі болды. Оның жеке басы анықталып, ұсталды. Күдікті Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, күдікті инстаграм әлеуметтік желісінен “Komek_Halikka” атты парақша ашып, сол арқылы тұрғындардың ватсабына шыққан. Одан әрі сенім білдіргендермен тілдесіп, 11 тұрғыннан 250 мың теңгеге жуық ақша алып, бас пайдасына жаратып жіберген.
Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде Мақтаарал аудандық сотының үкімімен күдіктінің кінәсін мойындауы, шығынды өтеуі мен бұрын сотты болмағаны ескеріле отырып, 26 жастағы жұмыссыз жас жігіт ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.