Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

10 жасында ашылған қылмыс – болашақ полиция қызметкерінің тағдырын айқындады

Қоғам тыныштығын күзеткен тәртіп сақшылары арасында әкеден балаға мирас болған қызмет жолы – мақтаныш пен жауапкершіліктің көрінісі. Осындай ардақты әулеттердің бірі – Павлодар облысы полиция департаментінде еңбек еткен Дюсембаевтар династиясы. Бұл әулеттің қызықты оқиғасын Polisia.kz сайтының редакциясы баяндап береді. 

Қазір бұл әулеттің үшінші буын өкілі – полиция полковнигі Арыстан Дюсембаев штаб басқармасының бастығы қызметін атқарады.

Дюсембаевтар әулетінің іргесін қалаған – ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Хайрулла Даулбаев. Ол милиция қызметін 1938 жылы бастаған, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында түрлі лауазымдарда қызмет істеген. Милиция полковнигі шенін иеленіп, Екібастұзда ішкі істер бөлімін басқарған. 1961 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Екібастұз қалалық ішкі істер бөлімінде басшылықта қызмет еткен.

Әкесінің жолын жалғаған Қанат Дюсембаев – ішкі істер саласында 30 жылдан астам тер төккен ардагер полковник. Павлодарда милиционер болып бастап, тергеуші, учаскелік инспектор, қылмыстық іздестіру мен штаб басшысы қызметтерін атқарған. Мәскеу ІІМ академиясын тәмамдаған соң, еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында мерзімінен бұрын полковник шенін алған.

Осындай отбасында тәрбие алған Арыстан Қанатұлы бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандаған. Ол алғашқы кәсіби қадамын 1997 жылы Ільичев аудандық ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл ретінде бастайды. Жоғары білімін Павлодар заң колледжінде, кейін Қарағанды ІІМ академиясында жалғастырып, құқық магистрі атанады. Қазіргі таңда ол жауапты лауазымда қызмет атқарып, төрт баланың әкесі атанып отыр.

Арыстанның қарындасы – полиция подполковнигі Ляззат Дюсембаева да құқық қорғау саласын таңдаған. Ол бүгінде Екібастұз қалалық полиция басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқарады. Өмірлік жары – полиция полковнигі Нұрлан Сексембаевты осы қызмет арқылы жолықтырған.

Арыстан Дюсембаев бала арманын шындыққа айналдыруына әсер еткен екі оқиғаны еске алады. Біріншісі – ол 10 жас шамасында әкесімен бірге қызметтік сапарға шығып, кездейсоқ ұрыны байқап, әкесіне дер кезінде жеткізген. Осы оқиға оны мамандық таңдауға біржола бекіндірген.

- Әкем Железин аудандық ІІБ бастығының орынбасары кезінде бір оқиға орнына топпен баруға мәжбүр болып, мені де өзімен бірге ертіп барған еді. Ол кезде менің жасым шамамен 10-да болатын.  Жол бойында бір ер адам мотоцикл сүйреп бара жатып, бізді көре салып, шөп арасына тығылды. Кейін ауыл балаларының бірі мотоциклдерінің түнде ұрланғанын айтты. Мен бұл туралы бірден әкеме жеткіздім. Тексере келе, шынында да бұл адамның мотоцикл ұрлағаны анықталды. Сөйтіп, мен алғаш қылмысты бала күнімде-ақ ашқан едім. Әкем мені байқампаздығым үшін мақтап, бұл сәт менің мамандық таңдауыма тікелей әсер етті, - деп еске алады ол.

Арыстан Қанатұлы үшін ерекше шабыт беріп, жауапкершілік жүктеген тағы бір оқиға - оның ұлының "менің әкем – полиция қызметкері" деп мақтанышпен айтқан сөзі еді. 

– Бұл мамандық – өмірлік жолымды айқындап, рухани қалыптасуыма әсер еткен мектеп. Әкемнің ақылына жүгініп, отбасымның қолдауымен осы дәрежеге жеттім. Анама және жан жарыма алғысым шексіз – олар менің берік тірегім, – дейді полиция қызметкері.

Арыстан Дюсембаевтың айтуынша, ішкі істер органдары қоғаммен тығыз байланыста болуы қажет. Құқықтық тәрбие ең алдымен отбасынан басталуы тиіс. Ал ІІО қызметіне заңды жетік білетін, адамгершілігі жоғары, адал, кәсіби мамандар ғана келуі тиіс деп есептейді.

Арыстан Қанатұлы – тек өз арманына жетіп қана қоймай, жас буынға өнеге боларлық тұлға. Ал оның өмір жолы – отансүйгіштік пен жанқиярлықтың айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру