Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

100-ден астам солтүстікқазақстандық құжаттандырылды

СҚО-да өткен жылы күшін жойған құжаттарсыз тұрып келген 100-ден астам солтүстікқазақстандық құжаттандырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстікқазақстандық көші-қон полицейлері соңғы жылдары құжаттарсыз тұрып келген 100-ден астам солтүстікқазақстандыққа құқықтық мәртебесін алуға көмектесті.

Олардың барлығы жеке куәліктерін қолдарына алды. Биылғы жылы облыстың тоғыз тұрғыны жеке куәліктерін біраз жылдан соң алған. Наиль Қадыров өз құжатын алуға 36 жылдан кейін келіп отыр. 1974 жылы шығарылған паспортты сексенінші жылдардың ортасында алыпты. Осы уақытқа дейін ресми түрде жұмысқа орналаспай, нәпақасын тауып жүрген. Петропавл қаласының Полиция басқармасы құрамындағы көші-қон қызметіне жүгініп, екі айдың ішінде құжаттандырылған.

– Бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Мен де барымды салып, құжатымды алуға асықтым, – дейді қала тұрғыны.

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап ел аумағында құжатсыз жүрген азаматтардың құқықтық мәртебесін анықтау бойынша акция өткізіліп келеді. СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, ескі үлгідегі құжаттармен немесе туу туралы куәліктерімен тұрып жатқан адамдарды анықтау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізуде. Өткен жылы осындай 100-ден астам адам құжаттандырылды.

– Құжаттардың болмауынан көп адамдар өздерінің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыра алмайды. Осындай санаттағы адамдардың басым бөлігі жеке куәліктерінсіз жүрген азаматтар. Соңғы бес жылда СҚО көші-қон қызметінің қызметкерлерімен осындай 1600-ден астам азамат анықталды, – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру