1000-нан астам мас жүргізуші анықталды
2020 жылы Маңғыстау облысының полицейлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған 1000-нан астам жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күн сайын полиция қызметкерлері облыс аумағында қылмыстың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті, сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік шаралар өткізеді.
2020 жылдың 12 айында тәртіп сақшылары 1011 мас жүргізушіні тоқтатып, оларға қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды. Алайда бұл көрсеткіштің 2019 жылмен салыстырғанда 42% – ға азайғандығын атап өту керек.
Мысалы, 2020 жылы 10 қазанда сағат 20:10-да Түпқараған ауданының полиция қызметкерлері «Lada Granta» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында 48 жастағы жүргізушінің көлікті мас күйінде жүргізгені белгілі болды. Оған қоса, үш жыл бұрын бұл азаматтың аудандық соттың шешімінің негізінде көлік басқару құқығынан айырылғандығы анықталды.
Бұдан басқа 2020 жылғы 13 қарашада 29 «А» шағын ауданында «Toyota Camry» жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін тоқтатылды. Тексеру барысында автокөлік жүргізушісінің жағдайы полицейлерде күдік тудырып, медициналық сараптамадан өткізу барысында оның есірткі пайдаланғаны және тәртіп бұзушының 2018 жылы көлікті басқару құқығынан айырылғандығы анықталды.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев жүргізушілердің мас күйінде көлік басқарып, жол-көлік оқиғаларының орын алуына себепкер болатынын атап өтті.
– Көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқармаңыз. Мұндай жағдайлар апаттың орын алуына әкеліп соғады және нәтижесі қайғылы болуы мүмкін. Өйткені сіздің және жолаушыларыңыздың қауіпсіздігі – өз қолыңызда, – деді ол.