“102” мобильді қосымшасы арқылы Арыста жұмыс жасап жатқан ойынхана анықталды
Түркістан облысында карантин талабын сақтамаған ойынхана мен “102” мобильді қосымшасы арқылы бетпердесіз жүргендер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өздеріңізге белгілі бүгінде елімізде ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен “102” мобильдік қосымшасы іске қосылды. Аталған қосымшаны құрудағы негізгі мақсат – ел тұрғындары өздері көріп-білген, куә болған кез келген құқық бұзушылық бойынша тәртіп сақшыларына тез арада хабар беріп, байланыс орнатуына жағдай жасау.
Мысалы, аталмыш “102” мобильдік қосымшасын ұялы телефонына тартып, орнатып алған тұрғын, Арыс АПБ-не хабарласып, Қазыбек би көшесі бойында орналасқан сауда үйінің 2-қабатында екі азамат бетпердесіз жүргенін жеткізген.
Қоңырау түсісімен полицейлер, оқиға орнына дереу жетіп, бетпердесіз жүрген тұрғындарды анықтады. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен іс-құжаттары жинақталып, заңды шара көрілу үшін СЭББ-ға жолданды.Одан бөлек, карантин талабының сақталуын қамтамасыз ету үшін құрылған Арыс ауданындағы мобильдік топпен Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары Жарқын Жүнісбеков, Арыс қаласы Төлеби көшесінің бойында орналасқан ойынхананың санитариялық талаптарды сақтамай, жұмыс жасап жатқанын анықтады. Онда 10-ға жуық келушілер болған. Оның ішінде үш жігіт медициналық бетперде тақпаған. Тәртіп сақшылары келушілер және карантинді елемей жұмыс жасап жатқан ойынхана иесіне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ойынхана иесіне және бетпердесіз жігіттерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау мақсатында аудандық СЭББ-ге жолданды.
Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.