"102" нөміріне қоңырау шалу тәртібі: полиция кеңестері
Алматы қаласы полиция департаментінің жедел басқару орталығы “102” нөмірін пайдалану тәртібін еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Орталық мәліметінше, “102” пультіне тәулігіне шамамен 3 мыңға жуық қоңырау түседі, ал оларды арнайы дайындықтан өткен 14 оператор өңдейді.
Жүргізілген талдау көрсеткендей, қоңыраулардың шамамен 25%-ы ақпараттық-анықтамалық сипатта болады. Бұл жағдай, шынайы көмекке мұқтаж азаматтардың уақытылы хабарласа алмауына алып келуі мүмкін.
Төтенше жағдайлар қызметіне тек шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда хабарласу маңызды. Қоңырау шалған кезде оқиғаның мән-жайын нақты әрі анық жеткізу, сондай-ақ сұрақтарға дұрыс жауап беру талап етіледі. Мұндай ережелерді сақтау жедел қызметтің уақытын үнемдеп, біреудің өмірін сақтап қалуға ықпал етуі мүмкін.
Жедел басқару орталығы қолданатын жабдық автоматты режимде жұмыс істейді. Полиция өкілдерінің айтуынша, әрбір қоңырау кезекпен қабылданады. Дегенмен, кейбір тұрғындар жауап алу үшін бірнеше секунд күткеннен кейін телефонды тастай салады. Олар "102" нөміріне қайта қоңырау шалғанда, өздерінің бірінші кезекте болатынына сенеді. Шын мәнінде, жүйе автоматтандырылған болғандықтан, әрбір жаңа қоңырау кезектің соңына қойылады. Сондықтан оператордың жауабын күтпей, қоңырауды тоқтата салмау ұсынылады.
Полиция шұғыл жағдайларда сабырлық сақтап, "102" нөміріне дұрыс және уақтылы хабарласу қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетінін еске салды.