12 ай бойы атқарылған жұмыстар есебі
Түлкібас аудандық полиция бөлімінің басшылығы 12 ай бойына атқарған ауқымды жұмыстарымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ басшылығы халықпен кездесу жиынын ұйымдастырды. 2019 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша өткізілген есеп беруге Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Жедел криминалистика басқармасының бастығы Ержан Танкеев, аудан әкімі Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының төрағасы, аудан тұрғындары мен полиция құрылымдарының басшылары қатысты.
Түлкібас аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұрат Әбілханұлы өз баяндамасында, қарапайым ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзіне айналған мал ұрлығына кеңірек тоқталды.
«Мал ұрлығының алдын алу мақсатында Түлкібас АПБ-нің қызметкерлерінің тарапынан ҚР ІІМ-нің «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес Түлкібас ауданы аумағында іске асыру бағытында нақты профилактикалық жұмыстарын сонымен қатар түнгі рейдтік іс-шаралар, тосқауыл және бақташылармен 3 жақты келісім шарт жүзеге асырудың нәтижесінде мал ұрлық қылмыстары төмендеп отыр.», – деді Мұрат Әбілханұлы.
Сонымен қатар отбасылық тұрмысы төмен, аз қамтылған және жалғызілікті аналарға қамқорлық жасау мақсатында бірнеше ай ішінде полиция қызметкерлері өз қаражаттарына қажетті деген азық-түлік пен заттарды тарту еткен. Басшының айтуы бойынша мұндай игі шаралар болашақта да жалғасын таба беретін болады және мерекелер қарсаңында балаларға базарлық, балаларды оңалту орталықтарына сый-сияпаттар табыстау дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын атап өтті.
Өз кезегінде полицейлердің қамқорлығына бөленген тұрғындар шынайы алғыстарын жеткізді.
Жалпы кездесу соңында аудандық полиция бөлімінің басшылығы жергілікті тұрғындардың мұң мұқтажын тыңдап, көкейтесті мәселелерін кеңінен талқылады. Қарапайым халықтың полиция басшысына қойылған сұрақтарына дер кезінде жауаптар беріліп, кейбір мәселелер жуырда шешімін табатынына уәде етілді.