Үйдің ауласында 12 түп сора өсірген қызылордалық ұсталды
Үйдің ауласында 12 түп сора өсірген қызылордалық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусым айынан бастап республика бойынша “Қарасора-202” жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Аталмыш жедел шара аясында қызылордалық полицейлер бірқатар есірткі қылмыстарының бетін ашты.
Мәселен, 4 маусым күні қызылордалық учаскелік полиция инспекторлары есірткі өсірген ер адамды қолға түсірді. Өз үйінің ауласында 12 түп сора өсірген жергілікті тұрғынды Қызылорда қалалық Полиция басқармасы Тасбөгет полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Шәріпбаев Олжас пен Бекболатұлы Айдос ұстады. Полиция инспекторлары оқиға орнынан сора өсімдігін және оны баптап өсіруге арналған құрал-саймандарды айғақ зат ретінде тәркіледі.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігімен (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазіргі уақытта полицейлер орын алған оқиғаның мән-жайын анықтауда.