15 сотталған азамат қоғамдық жұмыстар атқару арқылы жазаларын өтеуде
Қызылорда қаласының пробация есебінде тұрған 15 сотталған азамат қоғамдық жұмыстарды атқару арқылы жазаларын өтеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар жергілікті әкімдік белгілеген аумақтарды тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын атқаруда.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы Б.Наурызбаевтың айтуынша, пробация қызметкерлері қоғамдық жұмысқа және мәжбүрлі еңбекке тартылған азаматтарды жергілікті әкімдікпен бірге қадағалап отырады.
– Белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегін қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар күніне 8 сағат көшелерді тазалау, сыпыру сынды жұмыстарды атқарады. Қазіргі таңда қоғамдық жұмысқа тартылған 15 азамат сот үкімімен белгіленген 10 сағаттан 280 сағатқа дейінгі жазаларын қоғамдық жұмыстарды атқару арқылы өтеуде. Олар жұмысқа уақтылы келіп, жұмыстарын адал орындайды. Егер қоғамдық жұмыстан жалтарған жағдайда заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді Бақыт Наурызбаев.