15 стационарлық полиция бекеті тәулік бойы қызмет көрсетеді
Шымкентте стационарлық полиция бекеттері тәулік бойы қызмет көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында адамдар көп шоғырланатын жерлерде Полиция департаментінің 15 стационарлық бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Әрбір стационарлық бекетте үш ауысыммен екі қызметкерден кезекшілікке түсіп, тәртіпті қадағалайды.
Стационарлық бекеттердің барлығы заманауи техникамен, атап айтқанда портативті бейнетіркеуіштермен, радиостанциялармен және планшеттермен жабдықталған.
– Стационарлық бекеттер 181 сыртқы бейнебақылау камерасымен жабдықталып, олар Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Олар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда, көшелерде қылмыстың алдын алу бойынша қызмет атқарады. Биыл камералардың көмегімен 25 қылмыс ашылып, 47 602 әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Мухтар Бухарбаев.
Стационарлық бекеттер іс жүзінде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Мысалы, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 26,6 пайызға, ал көшелерде жасалатын қылмыстар 21,5 пайызға төмендеген. Азаматтар өтініш, арыз немесе жеке мәселесімен кез-келген уақытта осы бекеттерде қызмет ететін қызметкерлерге жүгініп, тиісті көмек ала алады.