16 жастағы қостанайлық алаяқ Қарағанды тұрғынын алдап кетті
Қарағанды тұрғыны 110 мың теңгесінен айырылып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 тамызда 42 жастағы қала тұрғыны Қарағанды қаласының ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне хабарласып, интернет-алаяққа алданып қалғанын түсіндірді. Жәбірленуші хабарландыру сайттарының бірі арқылы тиімді ұсыныс тапқан. Сатушымен байланысқа шығып, оған алдын ала төлем ретінде 110 мың теңге аударады. Ақшаны алған сатушы хабарсыз кетіп, жәбірленуші полицияға жүгінді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
14 тамызда жедел-іздестіру шаралары кезінде криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Бұл Қостанай облысында тұратын 16 жастағы жасөспірім болып шықты. Ол кінәсін мойындап, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.