Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде 20 сотталған асханада жұмыс істейді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде 20 сотталған асханада жұмыс істейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мемлекеттік мекемесінде 800-ден астам сотталған азамат жазасын өтеп жатыр. Мекеменің асханасында 20 сотталған азамат келісім шарт бойынша жұмыс істейді. Олар сот шығыны бар болғандықтан жұмыс жасап жатыр. Тіпті, арасында кәсіби аспаз да бар.
– Осы жылы бас бостандығымнан айырылып, мекемеде жұмыс істеуге өтініш жаздым. Өтінішім қанағаттандырылып, қазір 800-ден астам сотталғанға күніне үш мезгіл ас мәзіріне сәйкес ыстық тамақ дайындаймыз. Сотталғанға дейін түрлі мейрамханада аспаз болып жұмыс істегендіктен, бұл жерде тамақ дайындау әдеттегі іс. Әрине, мейрамханадағыдай стейк пісірмесем де, әзірлеген борщ, ботқаларым бәріне ұнайды. Әрбірімізге түрлі сәлем-сауқат келіп жатса да, барлығы біз дайындайтын ыстық тағамды күтеді. Ас мәзірінде ет тағамдары да, құс тағамдары да бар. Таңғы асты дайындап, таратып болғаннан соң, түскі асты дайындауға кірісеміз. Одан кейін кешкі асты әзірлейміз. Осылайша күніміз тез өтіп, бостандыққа шығатын уақытымыз да жақындап жатыр, – дейді жазасын өтеуші.
Мекеме бастығы Мақсұт Өтегенұлының айтуынша, мекеменің асханасында санитарлық талаптар қатаң сақталып, аспаздар үнемі медициналық тексерістен өтіп тұрады.
– Дайын болған асты мекеме дәрігері мен кезекші тексеріп, сынама алады. Содан кейін ғана тамақ жазасын өтеп отырған азаматтарға таратылады. Денсаулығы нашар азаматтар үшін де ыстық тағам дәрігерлер тағайындаған тізімге сай беріледі. Олардың асы бөлек дайындалады. Ас мәзірінде жеміс-жидек, балық және сүт өнімдері бар, – дейді мекеме бастығы Мақсұт Өтегенұлы.
Жалақы жұмысшыларға уақытылы төленеді. Ол ақшаны жақындарына жіберуге, мекеме дүкенінен қажеттіліктерін алуға және сот үкіміне сәйкес шығындарын өтеуге жұмсайды.