Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

2 млн теңгеге жуық айыппұл төледі

Қостанайлықтар діни қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін 2 млн теңгеге жуық айыппұл төледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылы облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері діни қатынастар саласында 13 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сот тоғыз адамды жалпы сомасы 1,9 млн.теңгеден (700 АЕК) астам айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартты. Аталған фактілердің 10 – ы интернет желісінде жасалған.

Мәселен, биылғы жылдың қыркүйек айында жедел уәкілдер Рудный қаласының 59 жастағы тұрғынының үйінде экстремистік әдебиетті сақтау фактісін анықтады. Ақтөбе сотының 2012 жылғы шешімімен бұл әдебиетті елімізге әкелуге және таратуға тыйым салынған.

Әдебиеттерді сақтаумен қатар рудныйлық азамат «WhatsАpp»мессенджерінде экстремистік сипаттағы материалдар таратқан. Діни сараптама қорытындысына сәйкес бұл хабарламалар діндарлардың сезімдерін қорлауға және дінаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған.

Рудный қаласының Мамандандырылған әкімшілік соты азаматты кінәлі деп таныды. Ол енді жасаған құқық бұзушылығы үшін 300 мың теңгеден астам айыппұл төлеуі тиіс. Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енді.

Облыстық ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ербол Дербісовтың айтуынша, жалған діни ұйымдардың жақтаушылары өз материалдарын тарату үшін түрлі мессенджерлерді жиі қолданады.

Полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат ғимараттарында, рухани (діни) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы айқындаған стационарлық үй-жайларда таратуға ғана жол берілетінін еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру