«2 млн теңгені иемденіп алған»: Алматыда тұрғынды тонаған күдікті қолға түсті
Алматы полицейлері тұрғынға шабуыл жасап, банк шотынан 2 миллион теңге шешіп алған күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеңіл жолмен ақша табуды ұнататын азаматты қаланың Жетісу ауданының полицейлері ұстады.
– ҚР ҚК-нің 191-бабы 3-бөлігінде көзделген – тонау, яғни өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдана отырып, бөтеннің мүлкін ашық ұрлау қылмысын жасағаны үшін Алматы облысының тұрғыны, Д.есімді азамат ұсталды. Түн ортасында Айнабұлақ ықшамауданында жас жігіт өтіп бара жатқан адамды кездестіргені белгілі болды. Жас жігіттің басында бірден қылмыстық жоспар пайда болды: ол өтіп бара жатқан адамның басынан ұрып, телефонын тартып алды. Одан әрі банктердің бірінің қосымшасынан қомақты соманы көріп, ойланбастан есепшоттан 2 миллион теңгеге жуық ақшаны шешіп алған. Күдікті жедел түрде ұсталды. Ол ұрлық жасағанын мойындады. Қазір күдіктінің жеке басы бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр, – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
Сонымен қатар полицияда ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейтінін еске салды.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.