2 велосипедті қолды қылған ұры қамауда
Түркістан облысы полицейлері велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімшесіне көршілер, яғни жергілікті 2 тұрғын арызданды. Жәбірленушінің бірі тұрғын-үйінің ауласында тұрған құны 40 000 теңге болатын велосипедін белгісіз тұлға ұрлап кеткенін айтса, екіншісі 10 000 теңге тұратын велосипедін біреудің жымқырып кеткенін айтқан. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Бірден 2 үйдің ауласына кіріп, велосипедтерін ұрлаған күдіктіні ұстап, қылмысты ашу мақсатында аудандық полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жедел-тергеу тобы құрылып, жақын аймақтарды аралап шықты, куәгерлерден жауап алды. Мұқият жүргізілген іс-шаралар аясында тәртіп сақшылары күдіктіні келесі көшелердің бірінен ұстады. Велосипедтер айғақты зат ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын. Өз кінәсін толық мойындады. Қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.Тұрғындар полицейлердің қырағылықтарына, кәсіби шеберліктеріне разы болып, жүрекжарды сөздерін арнады. Жұмыстарына табыс тіледі.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өздеріңіздің бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Тұрғын-үйіңіздің ауласын жарықтандырып, мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын орнатыңыздар. Осындай ұрлықтың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, «102» нөмірі арқылы полицияға хабар беріңіздер.