2025 жылы жолды тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін 7,4 мың азамат жауапқа тартылды
2025 жылы жолды тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін 7,4 мың азамат жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылы республика жолдарында 32 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Полиция қызметкерлері 14 миллионнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегінің жолын кесті, оның ішінде жылдамдықты арттыру, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік басқару кезінде телефон пайдалану фактілері бар.
23 мың жүргізуші мас күйінде ұсталды. Сот шешімдерімен 28,7 мың құқық бұзушы көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 24 мың адам әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері 41,1 мың жол тексеруін жүргізіп, 90 мың жол кемшілігін анықтады. Жол жамылғысын тиісті деңгейде ұстамағаны үшін 7,4 мың лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Ең тиімді шаралардың бірі – ұзындығы 2 мың шақырымды қамтитын автожолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу болды. Аталған учаскелерде жол апатынан қаза тапқандар саны 12%-ға төмендеді. Қазіргі таңда жүйе 8 бағытта (Астана – Щучинск, Астана – Павлодар, Шымкент – Тараз және т.б.) жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта тағы 10 бағытта енгізу жоспарлануда.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады, себебі жылдамдықты асыру мен салғырттық жолдағы қайғылы жағдайлардың негізгі себептері болып қала беруде.
