221 адам әкімшілік қамауға алынды
Алматы облысында тәртіп сақшыларының карантин тәртібін сақтау бойынша жұмысы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін тәртіп сақшылары төтенше жағдай кезінде карантиндік аумақты сақтау және індеттің таралуының алдын алу мақсатында қызмет етіп, қолданыстағы ӘҚбК 476-бабының талаптарын бұзудың 3521 дерегін анықтады. Осы деректердің ішінен сот шешімімен 253 құқық бұзушыға айыппұл салынса, 285 тұлға әкімшілік қамаққа алынды. 1133 тұрғынға ескерту жасалды, ал қалған істер қазір соттың қарауында.
Нақтылап айтқанда, карантиндік аумаққа кіру мен шығудың ерекше талаптарын бұзғаны үшін 312 хаттама толтырылды. Оның 62 жағдайында сот айыппұл салса, 58 адамды қамаққа алу шешімін шығарған. Қалған 66 адамға ескерту берумен шектелген. Карантин және міндетті санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар талабын бұзу дерегі бойынша 3059 материал толтырылған. Аталған материалдарды қараған сот органдары 163 адамға айыппұл салып, 221 адамды әкімшілік қамаққа алуды ұйғарған. 1064 адам тек ескерту алған.
Белгіленген жеке тұлғаларға белгілі бір мерзімде анықталған орыннан, пәтер немесе үйден кетіп қалуға салынған тыйымды сақтамағаны үшін 36 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Олардың 17-і айыппұл арқаласа, үшеуі ескерту алды. Әлі күнге 16 тұлғаға қатысты іс сот қарауында жатыр.
Облыс бойынша ең көп құқық бұзушылық Талдықорған қаласында – 361, Іле – 308, Еңбекшіқазақ – 283 және Талғар -244 аудандарында тіркелген.