Қызылордада пробация есебіндегі жастар арасында шағын футболдан жарыс өтті
Қызылордада пробация есебіндегі жастар арасында шағын футболдан жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Қызылорда қалалық прокуратурасы, қалалық пробация қызметі және облыстық жастар орталығы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және қоғамдық өмірге белсенді қатысуын арттыру мақсатында пробация есебіндегі жастар арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырды.
«Евразия» спорт кешенінде өткен сайысқа 30-ға жуық жас қатысып, топтық негізде өзара сынға түсті. Жарыс қорытындысымен, жүлделі I орын «Ақсуат» командасына, II орын «Сенім» командасына, ал III орын «Қыран» командасына бұйырды. Сонымен қатар аталмыш ойында белсенділік танытқан ойыншылар «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» номинацияларымен марапатталып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
— Біздің мақсатымыз — пробация есебіндегі азаматтарға қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Мұндай спорттық шаралар тек физикалық дамуға ғана емес, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерді дамытуға да ықпал етеді. Алдағы уақытта да пробация есебіндегі азаматтарды қолдауға бағытталған осындай бірлескен іс-шаралар жалғасын табады, — деді қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Гүлнұр Байсариева.