Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында "Қалта ұрысы" жедел алдын алу іс-шарасы өтуде

Қарағанды облысында "Қалта ұрысы" жедел алдын алу іс-шарасы өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысының аумағында қалта ұрлығын алдын алу мақсатында "Қалта ұрысы" атты жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – қалта ұрлығының алдын алып, осындай құқықбұзушылықтарға жол бермеу.

Облыстық полиция департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері қоғамдық орындарда және қоғамдық көліктерде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Тұрғындарға ұрлыққа ұшырамаудың жолдары түсіндіріліп, сақтық шараларын сақтау қажеттігі ескертілуде. Сонымен қатар ұрлық фактісі орын алған жағдайда қалай әрекет ету керектігі жайлы нақты кеңестер берілуде.

Жыл басынан бері автобустар мен қоғамдық орындарда 16 қалта ұрлығы тіркеліп, оның ішінде 2 қылмыстық іс бойынша күдіктілер жедел ұсталған.

— Бүгінде қалта ұрлығының басым бөлігі қоғамдық көліктерде орын алуда. Мәселен, №53 және №118 бағыттардағы автобустарда 4 ұрлық, №29 бағытында 3 ұрлық, ал №43, №45, №65, №02 және №01 автобустарында бір-бірден қалта ұрлығы тіркелген. Көп жағдайда ұрылардың олжасы — ұялы телефондар мен әмияндар. Статистикаға сәйкес тіркелген 16 ұрлықтың 13-і ұялы телефондарды, ал 3 жағдайда әмияндарды ұрлау фактілері, — деп атап өтті Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Мади Абдуллин.

Мысалы ақпанның 18-і күні 35 жастағы қала тұрғыны полицияға арыз түсіріп, аялдамалардың бірінде белгісіз адамның қалтасынан ұялы телефонын ұрлап кеткенін хабарлаған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 25 жастағы күдікті ұсталып, қылмысын мойындады.

Полиция департаменті тұрғындарға қалта ұрыларына тап болмау үшін келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

- Қоғамдық көлікте жүргенде сөмкеңізді алдыңызда ұстап, қалтаңызда құнды заттар қалдырмаңыз;
- Ұялы телефоныңызды шалбар немесе сырт киімнің сыртқы қалтасына салмаңыз;
- Бөгде адамдардың итеріп, ыңғайсыз жақындауына бей-жай қарамаңыз;
- Қол сөмкеңізді ашық қалдырмаңыз, ішіндегі заттарға үнемі бақылау жасаңыз;
- Қала ішінде күдік тудыратын жағдайға тап болсаңыз немесе ұрлыққа куә болсаңыз, дереу «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру