23 жүргізуші әкімшілік тәртіппен жазаланды
Ақтөбе облысында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының аумағында жүргізушілер арасында жол-көлік тәртібін жақсарту және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдың 22-24 қыркүйек аралығында жол қозғалысындағы «өрескел» құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі.
Жедел алдын алу іс-шарасының бір күнінде жол қозғалысы саласында 441 бұзушылық анықталды. Оның ішінде белгіленген қозғалыс жылдамдығы ережелерін бұзғаны үшін 120 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, мас күйінде көлік құралдарын басқарудың алты, қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығудың төрт дерегі анықталды, жаяу жүргіншілерге жол жүруде артықшылық бермегені үшін 23 жүргізуші әкімшілік тәртіппен жазаланды, жол қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін 64 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, авариялық жағдай жасаудың алты фактісі анықталды.
«Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында «Жолда қабылдау» акциясы өткізіледі. Аумақтық көліктік бақылау бөлімшелерімен бірлесіп жүк тасымалдаушылардың ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларын мүлтіксіз сақтауы бойынша шаралар қабылданады.
Әкімдіктермен бірлесіп, үй жануарларын жарық шағылыстырғыш элементтермен жабдықтау қажеттілігі туралы, сондай-ақ автомобиль жолдарының жанында мал жаюға жол бермеу туралы халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, осы жедел алдын алу іс-шарасы аясында мотоцикл құралдарының жүргізушілері, соның ішінде квадроциклдер, мопедтер, сондай-ақ самокаттар жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтауға ерекше назар аударады.Ақтөбе облысы Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларын ҚР жол қозғалыс ережелерін сақтауға, жол қозғалысына жауапты болуға шақырады.