Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландық Әбиба Әбужақынова Grand Slam турнирінде қола жүлдеге ие болды

Ұландық Әбиба Әбужақынова Grand Slam турнирінде қола жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы, ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы ефрейторы Әбиба Әбужақынова Тәжікстан астанасы – Душанбеде өткен Grand Slam сериясының беделді халықаралық турнирінде ел намысын абыроймен қорғап, қола жүлдеге ие болды.

Жарыстың алғашқы күні 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз табандылық танытып, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальді салды. Турнирді сәтті бастаған Әбиба Әбужақынова жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп, қытайлық Вэньне Чжуанмен шеберлік байқасты. Қызу тартысқа толы белдесуде жеңіс қарсыласына бұйырғанымен, Әбиба жүлдеден үмітін үзбей, үшінші орын үшін болған шешуші айқаста Өзбекстан өкілі Улбусин Хакимоваға еш мүмкіндік қалдырмай, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

3-ші дан иегері (IJF) Әбиба Әбужақынова – халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын желбіретіп жүрген, тәжірибелі әрі табанды дзюдошылардың бірі. Оның бұл жолғы жеңісі – қажырлы жаттығудың, қайсар мінездің және спортқа деген шынайы жанкештіліктің айғағы. Бұл жетістік жас спортшылар үшін үлкен үлгі, нағыз мотивация мектебі болары сөзсіз.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланы – халықаралық деңгейде ел мен құқықтық тәртіп әскерінің намысын қорғап жүрген қайсар спортшысын зор мақтанышпен атап өтеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру