Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда кадеттерге арналған тағылымды кездесу өтті

Талдықорғанда кадеттерге арналған тағылымды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Балаларды қорғау күніне орай Талдықорған қаласындағы №14 және №18 мектептерінің "Жас сақшы" кадет сыныптарының оқушылары үшін танымдық әрі тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, елге адал қызмет етуге деген құрмет пен патриоттық сезімді қалыптастыру болды.

Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері оқушыларға арнап мазмұнды дәріс оқып, құқықтық нормалар, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершілік туралы кеңінен әңгімеледі. Оқушылар өз құқықтарын қорғау жолдары мен әр әрекеттің салдары болатынын жете түсінді.

Кездесудің тәжірибелік бөлігі жас кадеттерге ерекше әсер қалдырды. Полиция қызметкерлері жауынгерлік дайындық элементтерін, өзін-өзі қорғау тәсілдерін, сондай-ақ пышақпен шабуылға қарсы қорғану әдістерін шеберлікпен көрсетті. Қаруды бөлшектеп-жинау сәтінде балалардың қызығушылығы артып, олар полицейлердің кәсіби дағдыларымен жақын танысты.

Мұндай шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен әділеттілікке, тәртіп пен жауапкершілікке деген құрметті қалыптастырып, болашақтағы мамандықты саналы таңдауға ықпал етеді. Кадеттер мереке қарсаңында жағымды эмоцияға бөленіп, құқық қорғау қызметінің қадір-қасиетін терең сезінді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру