Астанада ойын-сауық орындарында кальян шегудің заңсыз фактілері анықталды
Астанада ойын-сауық орындарында кальян шегудің заңсыз фактілері анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полицейлер Қазақстан Республикасының темекі өнімдері мен кальян қоспаларын белгіленбеген орындарда тұтынуға тыйым салу туралы заңнамасының бұзылуын анықтауды жалғастыруда.
Жыл басынан бері темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальян темекісін, кальян қоспаларын, темекіні қыздыру жүйелерін тұтынуға тыйым салу туралы шамамен 5 мың құқық бұзушылық тіркелді.
Соңғы тәулікте жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Достық көшесіндегі лаундж-барда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ мекеме темекі өнімдерін шегуге тыйым салынған орындарда қызмет көрсеткені үшін 441-баптың 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
Елімізде қоғамдық орындарда, дәмханаларда, мейрамханаларда, клубтарда, демалыс орындарында және көшелерде кальян шегуге толық тыйым салынған.
Полиция азаматтарды қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға және қоғамдық орындарда тыйым салынған заттарды тұтынбауға шақырады. Мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.