Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

25 жастағы азамат ұрланған мемлекеттік нөмірді қайтару үшін Алматы тұрғындарынан 100 доллардан талап еткен

Алматыда ұрланған мемлекеттік нөмірді қайтару үшін тұрғындардан 100 доллар талап еткен азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған азамат 1996 жылы туған Жамбыл облысының тұрғыны болып табылады. Жас жігіт негізінен өзінің қылмыстық әрекеттерімен Алматы қаласының Бостандық ауданында айналысқан.

– Қылмыстық іс материалдары бойынша ол көпқабатты үйлер көп шоғырланған аумақта әрекет еткен. Ол өзіне нысана ретінде үйлердің аулаларында, күзетілмейтін автотұрақтарда тұрған қымбат бағалы көліктерді таңдап алған. Жас жігіт көліктің мемлекеттік нөмірін шешіп алып, көлік иесіне 100 доллар төлем төлеуді талап еткен жазба қалдырып отырған. Өз кезегінде, ол ұрланған нөмірдің қай жерде жасырылғандығы туралы хабарлауға уәде берген. Қаскөй ПД орталық аппаратының жедел бөлімшелерінің бірінің көмегімен оқиға орнында ұсталды. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас алты ұрлыққа қатысы бар екендігі анықталды, – деді Бостандық аудандық Полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.

Думан Аухадиевтің айтуынша, сот күдіктіні қамауға алуға санкция берді. Ол қамауға алынды. Ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру