3 миллион 600 мың теңге инвестиция жасап,алданып қалды
Батыс Қазақстан облысында алаяқтың бірнеше түрі анықталды,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізген профилактикалық жұмыстарына қарамастан, азаматтар алаяқтардың «қармағына» ілініп қалып жатады.
Алаяқтың арбауына түскен жағдай 2019 жылдың қазан айында 1979 жылы туған әйел 1977 жылы туған қала тұрғынына пластикалық терезе қою үшін 320 мың теңге ақшасын беріп алданып қалғаны туралы айтып полиция қызметіне хабарласады.
Тағы бір жағдай алаяқ өзін телефон арқылы банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушінің ақшасын иемденіп алса керек. Осыған сәйкес Бәйтерек ауданының тұрғыны өзін банк қызметкері ретінде таныстырған бейтанысқа ақшасын аударып жібергені туралы айтып хабар береді.
Бүгінгі күні амалға сенген адамдарды алдаудың тағы бір тәсілі анықталды, ол – интернет-алаяқтардың арбауына іліну.1985 жылы туған. Орал қаласының тұрғыны Instagram желісі арқылы жұмысқа орналасуға көмектесемін деген хабарландыруға сеніп, алаяққа 138 мың теңге көлемінде ақшасын аударып жіберген екен.
Тағы бір алдаудың түрі 16 жасар студент ойын құрылғысын сатамын деген алаяққа 30 мың теңге ақшасын беріп, алданып, сан соғып қалады.
Сондай-ақ, полиция қызметіне Орал қаласының 20 жасар тұрғыны хабарласып, ағымдағы жылы қаңтардың 4 мен 23 күндері аралығында салған ақшасын өндіріп алу мақсатында «GOLD» инвестициялық компаниясына 3 миллион 600 мың теңге ақшасын салып жіберіп, алданып қалды. Бұған ұқсас полиция қызметіне 70 тұрғыннан арыз келіп түсті.
Барлық көрсетілген фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған алаяқтық қылмыстарының орын алуы азаматтардың сенгіштігі және белгісіз қылмыскерлердің жалған ақпараттарын нақты тексермеу нәтижесінен болып отыр.
Осыған байланысты Полиция департаменті қауіпсіздік шараларын еске салады:
– құпия сөздерді үнемі ауыстырып отырыңыздар, олар күрделі болуы тиіс;
– өте пайдалы ұсыныстарға сын көзбен қараңыз, керісінше оны елемеңіз – осылайша сіздің ақшаңыз үнемделеді;
– тауар үшін аванстық төлем жасау туралы өтініштерге көнудің қажеті жоқ. Егер тауарды алдын-ала төлемсіз сатып алу мүмкін болмаса, басқа сайт іздеңіз;
– ешқандай жағдайда сіздің төлқұжатыңыз туралы мәліметтерді, банктік карта, телефон және басқа жеке мәліметтер туралы біреумен бөліспеңіз.
Құрметті азаматтар, бұндай жағдайға тап болған кезде тікелей «102» нөміріне қоңырау шалуыңызды немесе бірден ішкі істер органдарына хабарласуыңызды сұраймыз. Барлық хабарламалар белгіленген тәртіпте қаралатын болады.