3 мың SIM-карта және SIM-бокстар: полиция алаяқтардың жаппай қоңырау шалу схемасын анықтады
Астана қалалық киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Павлодар облысы полиция департаментінің мамандарымен бірлесіп, алаяқтардың қоңырау генерациялайтын орталығының жұмысын тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында пәтерді телефон арқылы алаяқтыққа арналған жаппай қоңырау шалу офисіне айналдырған шетелдің үш азаматы ұсталды.
Тінту кезінде 6 SIM-бокс, шамамен 3 мың SIM-карта, сондай-ақ компьютерлер мен ноутбуктер тәркіленді. Мұндай жабдық ондаған нөмірді бір уақытта қолдануға және абонент деректерін өзгертуге мүмкіндік береді, бұл алаяқтардың азаматтарды алдау кезінде жиі пайдаланатын тәсілі.
Аталған факті бойынша абоненттік құрылғының идентификациялық кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
