Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

30-дан астам онлайн-алаяқтыққа қатысы бар Алматы облысының тұрғыны ұсталды

Полицейлер онлайн-алаяқтықтың 30 дерегіне қатысы бар алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері онлайн-алаяқтық жасады деген күдікпен Алматы облысының тұрғынын ұстады. Полицейлердің анықтауынша, бүгінгі таңда күдіктінің 30-дан астам онлайн-алаяқтыққа қатысы бар болып шықты. Оның ішінде сегіз жайт Түркістан облысына қатысты. 

Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі алты миллион теңгеге жуық.

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдіктінің тұрғылықты жерін анықтап, оны Алматы қаласынан ұстады. Жедел уәкілдер анықтағандай, жас жігіт «WhatApp» мессенджерінде топ құрып, адамдардың сеніміне кіріп, қатысушыларға салымдарын үш есе арттыруға уәде берген. Алаяқтыққа сенген аңғал азаматтар көрсетілген шотқа ақша жіберіп, соңында дымсыз қалған. Осылайша күдікті алаяқтық жолмен алған ақшаны жергілікті банктердің біріндегі өз шотына аударып алған.

Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу істің толық мән-жайын анықтауда. Айта кетер жайт, онлайн-алаяқтық қылмысы құрбандарының саны артуы мүмкін.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері алаяқтықты болдырмау үшін мұқият болуға және бейтаныс адамдарға артық сенім білдірмеуге кеңес береді. «Оңай ақша» әкелетін уәделері бар күмәнді жарнамаларға өзіңіздің дербес деректеріңізді, сондай-ақ құпия сандар, банк карточкаларының кодтарын және өзге де жеке ақпаратты жіберуге, жария етуге болмайды. Егер де, сіз, алаяқтықтың, оның ішінде интернеттегі алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру