Полицейлер 4 жасар сәбиді шұғыл ауруханаға жеткізді
Полицейлер 4 жасар сәбиді шұғыл ауруханаға жеткізді
Көкшетау қалалық патрульдік полиция экипажы тұрғынның төрт жасар ұлын шұғыл ауруханаға жеткізуге көмектесті,-деп хабарлайды Polisia.kz.
5-ақпанда баланың әкесі тәртіп сақшыларының дер кезінде көрсеткен көмегі туралы Полиция департаментінің бастығы генерал – майор Арманбек Баймурзиннің азаматтарды жеке қабылдау барысында баяндады.
Ерік Молдағайсиннің айтуынша, оқиға 4-ақпан күні кешке болған. Молдағайсиндер отбасы дәрі-дәрмек сатып алу үшін дәріханаға жеке көлігімен жолға шыққан, алайда, Абай – Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы жолда кіші ұлының денсаулығы нашарлап,есінен танып қалған.
Әке баласының өмірі үшін алаңдап, көлік құралын басқара алмай қалады. Бақытымызға орай, осы кезде дәл сол көшеде патрульдік полиция экипажы қызметте болған.Полиция аға сержанты Нариман Шаймерденов мәлімдегендей, патрульдеу кезінде өзінің әріптесі полиция аға сержанты Нұрсұлтан Кенжебековпен бірге жол жиегінде тұрған автокөліктің иесін сырттан көрді.
Полиция қызметкерлері көмектің қажеттігін білу мақсатында азаматтан мән-жайды сұраған.Ата-анасы болып жатқан жәйтті түсіндіріп берді.Жағдайды тез арада сараптай келе, полицейлер баланы ауруханаға шұғыл жеткізу туралы шешім қабылдайды.Тәртіп сақшылары анасымен бірге баланы қызметтік автокөліктің артқы орындығына жайғастырып, жарқылдауық маяктарын қосып, шұғыл түрде баланы аурухананың қабылдау бөлмесіне жеткізді. Әкесі мен үлкен баласы ауруханаға кейіннен жетті.
Патрульдік полиция қызметкерлері «103» желісіне алдын ала қоңырау шалып, медицина қызметкерлерін оқиға туралы ескертті. Келген соң сәби мен оның анасын дәрігерлер күтіп тұрды.
Қазіргі уақытта бала дәрігерлердің қарауында, оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.
Ведомство басшысына Ерік Молдағайсин өз уақытында көрсеткен көмектері үшін полицейлерге шын жүректен алғысын білдірді.